Құрметті ақтөбеліктер!
11.03.2020 Жалпы

«А.С. Пушкин атындағы қалалық саябақ» ЖШС басшысы Н.Д.Выходецтің facebook және басқа да әлеуметтік желілерде А.С.Пушкин атындағы саябақты ЖШС меншігінен мемлекет мешігіне «заңсыз алып жатыр» деп жариялаған жазбаларына байланысты Ақтөбе қаласының әкімдігі келесідей түсініктеме береді:

Біріншеден, қала әкімдігі заң талаптарына сүйеніп, А.С.Пушкин атындағы саябақтың жай-күйі жайында шешім қабылдады. А.С.Пушкин атындағы саябақ жеке адамның меншігінде бола алмайды, себебі саябақ орналасқан жер аумағы (23775 ш.м) ортақ қолданыстағы жерлер қатарына жатады. 20.06.2003 ж. ҚР Жер кодексінің 107-бабы 3-тармағына сәйкес, елді мекен жерлері келесідей қызметтік аймақтарға бөлінеді:

1) тұрғын үй салу мақсатындағы жердер;

2) әлеуметтік нысандар үшін;

3) коммерциялық нысандар үшін;

4) өзге де мақсаттар үшін.

Өзге аймақтарға ортақ қолданыстағы жерлер кіреді. Яғни бұлар – алаңдар, көшелер, тротуарлар, өтпелер, кондоминиум құрамына кірмей қалған үйге іргелес жатқан жер телімдері, жолдар, жағалаулар, саябақтар, гүлзарлар, орман-тоғайлар, бульварлар, су қоймалары, жағажайлар, зираттар және тұрғындардың қажеттіліктерін өтеуге арналған басқа да нысандар (су құбырлары, жылыту құбырлары, тазартқыш құрылғылар мен ортақ қолданыстағы басқа да инженерлік желілер, сондай-ақ, ортақ қолданыстағы жылыту желілері мен инженерлік жүйелердің қорғалған аймақтары).

20.06.2003 ж. ҚР Жер кодексінің 109-бабы 2-тармағына сәйкес, ортақ қолданыстағы жер телімдері жеке меншiкке оларды ортақ пайдаланудағы жер құрамынан шығарғаннан кейiн ғана берiлуi мүмкiн. Осындай заң талаптары 1991 жылы да болды. Н.Д.Выходецтің сөзінше, сол жылы саябақ ЖШС меншігіне берілген болатын.

16.11.1990 ж. ҚазССР Жер кодексінің 100-бабына сәйкес, қалаларда (ауылдарда) ортақ қолданыстағы жерлерге тұрғындардың мәдени-сауықтыру қажеттіліктеріне арналған жерлер жатады (саябақтар, орман бақтары, стадиондар, бульварлар, гүлзарлар, су қоймалары, жағажайлар, терренкурлар және т.б.)

Сол кезеңде ҚазССР Жер кодексінде жерді жеке меншікке алу деген түсінік мүлдем болмады. Ортақ қолданыстағы жер телімдері ортақ қолданысқа зиян келтірмейтіндей етіп, шағын нысандарды (дүкендер, дүңгіршектер, жарнама орындарын және басқа да нысандарды) салуға уақытша қолдануға берілетін.

Аталған кодекс өзі күшін жойды. Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығы енгізілгеннен кейін 22.12.1995 ж. «Жер туралы» заңының 33-бабына сәйкес, елді мекендердің ортақ қолданыстағы жер телімдері жеке меншікке өте алмайды. Осыған байланысты, 2017 жылғы 25 мамырдағы қалалық жер комиссиясының шешімі негізінде 23775 шаршы метр аумақты алып жатқан Шернияз көшесіндегі саябақтың жер учаскесі қала әкімдігінің №608 2018 жылғы 5 ақпандағы қаулысымен «Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі» ММ-не тұрақты пайдалану құқығымен берілген.  Саябақ ретінде жер учаскесін жекеменшікке пайдалану туралы «А.С.Пушкин атындағы қалалық саябақ» ЖШС-не немесе басқа бір мүдделі кәсіпкерге тиесілі қандай да бір куәландыратын ресми құжаттың органдарда жоқ екенін хабарлаймыз. Дегенмен, осыған дейін саябақты «А.С.Пушкин атындағы қалалық саябақ» ЖШС құрамында қалдыруға Н.Д. Выходецтің ниетті екенін ескеріп, қала әкімдігі оны бірнеше мәрте саябақты дамытуға байланысты кеңесу үшін шақырған болатын. Алайда, ЖШС басшысы ашық түрде шақыруды қабылдаудан, кездесуге келуден бас тартты.

Ақтөбе қаласының әкімдігі осы саябақтың толыққанды деңгейде жұмыс жасап, жер учаскесінің талан-таражға салынбауы үшін саябақтың мүддесін мемлекет мүлкі ретінде сот тәртібі бойынша қорғайды.    

Екіншіден, бұл мәселеде қаланың қоғамдық мүддесін қаперге алу керек. Ескі қаланы жаңғырту туралы қоғамдық талқылау барысында тұрғындар 1887 жылы іргесі қаланған, бір кезде шаһардың мәдени орталығы болған А.С. Пушкин атындағы тарихи саябақтың құлдырап бара жатқанын қатаң сынады. Ақтөбеліктердің бұл туралы пікірі YouTube и Instagram әлеуметтік желілерінде де жарияланған болатын.

Сондай-ақ, Википедияда А.С.Пушкин паркі туралы сыни пікірге сүйенген ақпарат жарияланып тұр. Онда «Бүгінгі күні Пушкин атындағы паркке ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақпен салыстырғанда тұрғындар көп келмейді. Субұрқақ пен ескерткіштер әдбен ескірген, бұл жер үйсіз-күйсіз жандардың мекеніне айналған сыңайлы. Кеңес өкіметі тұсында орнатылған аттракциондардың да тозығы жеткен. Саябақ аумағында күл-қоқысқа арналған жәшіктер тазартылмайды, гүлдер мен жасыл желек жоқтың қасы. Аттракциондардың бағасы төмен болғанымен, оны пайдаланудың қауіпсіздігіне ешкім кепіл бола алмайды», — деп жазылған.

Осыған байланысты, қала әкімдігі биыл А.С.Пушкин атындағы саябақты қайта жаңғырту жұмыстарына бюджеттен тыс қаражат табуды жоспарлап отыр. Жаңғыртуға қатысты эскиздік шешім жуырда қала тұрғындарына ұсынылған болатын. Дегенмен, жоба нұсқасы толық аяқталған жоқ, тұрғындардан түсетін ұсыныстар міндетті түрде ескеріледі.

Ақтөбе қаласының әкімдігі қала тұрғындарының және БАҚ өкілдерінің  көше жолдарына, шаһарды абаттандыруға және тазалауға қатысты сын-пікірлерін, әкім есебінде айтылған кемшіліктерді жою үшін жұмыс істейді. Бұл проблемалар соңғы жылдары жүйелі түрде қордаланғанын мойындау керек.

Қазір қала әкімдігі шаһардың сәулетін, тазалығын жақсартуға, абаттандыруға күш салады. Соңғы жылдары даму бағдары айқын болмай, қала тартымды келбетінен ажырап қалғандай күй кешкені рас. Бұл қаланың әлеуметтік-мәдени дамуына кері әсер ететін факторларды жоюға жұмыс істеу керектігімізді көрсетті.  Қала ақтөбеліктер үшін жайлы ортаға, ыстық ұяға айналуы тиіс. Ақтөбе іскерлік қарым-қатынасты дамытатын бизнес ортамен қатар, тұрғындары және қала қонақтары үшін демалыс орындары бар қолайлы шаһар болатынына сенімдіміз.

Қымбатты ақтөбеліктер, сіздердің қолдауларыңызға үміт артамыз!