"БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ" БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ БАСТАЛАДЫ
11.03.2020 Жалпы

«Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі» ММ «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жолдама беру басталатындығын хабарлайды. 

Бағдарламаға тек жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған азаматтар, яғни, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтар: 

1) Көп балалы отбасылар; 

2) Толық емес отбасылар (ажырасқан жағдайда неке бұзылған сәттен бастап 3 жылдық мерзімнің өтуі тиіс); 

3) Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар қатыса алады. 

Қазіргі таңда, Ақтөбе қаласы бойынша тұрғын үйге мұқтаждар тізімінде 24 253 отбасы, оның ішінде: 

1) Көп балалы отбасылар - 1873; 

2) Толық емес отбасылар - 6949; 

3) Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар - 1049 азамат кезекте тұр. 

Бағдарламаның несие беру шарттары да толықтай сақталған. Банкке жергілікті әкімдіктен жолдама алған соң хабарласқан жөн. Займ мөлшерлемесі бұрынғысынша 10%-дық бастапқы жарнамен жылдық 2%-ды құрайды. Биылғы жылы енгізілген басты өзгеріс – ең жоғары табыс көлемі. Енді ол күнкөріс минимумының мөлшеріне сәйкес есептелінетін болады. Талаптарға сай, жеңілдетілген займ алу үшін әр отбасы мүшесіне келетін табыс мөлшері соңғы алты айда ай сайын екі күнкөріс мимнимумынан, яғни, 62 366 теңгеден аспауы қажет. Осылайша, бұған дейін осы талапқа сай келмеген отбасылар осы жылы бағдарламаға қатысып, қоныс тойын тойлай алады.  Тұрғын үй сатып алу кезінде ең көп қарыз сомасы –10 млн. теңгеден аспауы тиіс. 

Бағдарламаға қатысуға қойылатын негізгі талаптар: 

1) Қазақстан Республикасының азаматтығы; 

2) соңғы 6 (алты) айда еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен түсетін, отбасының әрбір мүшесіне шаққанда тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген шамасынан аспайтын табысының болуы; 

3) неке бұзылған сәттен бастап 3 жылдық мерзімнің өтуі (толық емес отбасылар үшін); 

4) төлем қабілеттілігін растау; 

5) ЖАО-ның "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес көзделген санаттарға қатысушылар бойынша тұрғын үйге мұқтаж адамның есепке қойылуын және тұрғын үйге мұқтаж адамның мәртебесін растауы. 

Жергілікті атқарушы орган кезекте тұрғандардың мәртебесін тексеру арқылы Бағдарламаға қатысушыларға жеке тізімдерге сәйкес кезектілік тәртібімен және уәкілетті орган белгілеген лимиттер шеңберінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне ұсыну үшін жолдама береді. 

Құжаттарды қабылдау ағымдағы жылдың 12 мен 20 наурыз айы аралығында Алтынсарин көшесі, 2 үй, №1 терезеде жүргізілетін болады.