AQTÓBE -150 — «BAQYTTY BALA-2019» — DIMASҺ

AQTÓBE -150 — «BAQYTTY BALA-2019» — DIMASҺ
14.05.2019 Жалпы

Биыл облыс орталығы — Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Құтты мекенімізге биыл –150 жыл. Қала тарихы 1869 жылдан басталады, нақ осы жылы Елек өзенінің жағалауында Ақтөбе бекінісінің іргетасы қаланды.

Мерейтой жылы аясында жыл басынан бері бірқатар ірі шаралар ұйымдастырылды.

Өткен жылды облыс басшылығының «Бақытты бала» жылы деп жариялауы, сондай-ақ «Рухани жаңғыру», «Туған жерге тағзым» жобалары шеңберінде «Baqytty Bala-2018» ашық балалар вокальды фестивалі қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен өткен болатын.

Өңірдің брендіне айналған бұл шараны алғаш болып арнайы жүлде ұсынып, қолдау білдірген Ақтөбеден шығып, дүние жүзіне әйгілі болған әнші Димаш Құдайберген екенін ерекше айтуымыз қажет.

Ол байқаудың бас жүлдесінің бірін иеленген Нарғыз Жанұзақоваға өзінің «D-dimastu» әлемдік турнесі аясында өтетін концертіне қатысуға жолдама табыстаған.

«Бақытты бала» байқауына қатысқан әр бала өнерлі, талантты. Әнші осы балалардай болуы керек. Нағыз қазақ эстрадасының майталмандары өсіп келе жатыр. Тәуелсіз сарапшы мүшесі болып, бәрін тыңдадым. Ішімдегіні жеткізе алмаймын, бәрі талантты. Таңдау қиын болса да жүлде Нарғыз Жанұзақоваға беріледі. Қазір мен әлемдік турнеге шығып, жеке концертімді беріп жүрмін. Арнайы марапат алған Нарғыз бір концертіме қатысып, ән айтады»,- деп сұхбат берген болатын әнші ҚазАқпарат тілшісіне.

«Baqytty Bala» байқауын қолдап келген Димаштың туған жеріне деген сағынышы оның жерлестеріне еркелеп салған әндерінен көрініп тұрған еді.

Биік талғамы мен таланты ұштасқан дарабоз әншінің дарынды балаларды үнемі қолдап жүретіндігі өзінен кейінгі ұрпаққа үлгі.

Қаламыздың ғасыр жарым тарихына орай биыл да өткізілгелі отырған «Baqytty Bala» байқауына Димаштың арнайы келетіндігі шығармашылығына бас иген тыңдармандарына шексіз қуаныш сыйлайтыны анық.

Бүгінде «Baqytty Bala» байқауының өткен жылғы қатысушылары - Миржан Жидебай «Junior Eurovision-2018», Ержан Максим «Детское Евровидение», «Голос.Дети.» халықаралық байқауларында топ жарса, Асия Мусагалиева «Чемпионат Кавказа», «Хрустальная магнолия» байқауларының жүлдегерлері.

Ендеше, биылғы «Baqytty Bala» ашық балалар вокальды фестивалінің барлық қатысушыларына Димаш Құдайбергеннің және байқау түлектерінің жеңіс жолын, биік тұғырын тілейміз!