300-ДЕН АСТАМ АҚТӨБЕЛІК АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТІ ЗАҢСЫЗ АЛҒАН
26.12.2019 Жалпы

Ақтөбе қаласында жұмыспен қамту бөліміне жалған құжаттар тапсырып, атаулы әлеуметтік көмек алғандардың арасында кәсіпкерлер болды.

Ақтөбе қаласында табыс көздерін жасырып, атаулы әлеуметтік көмекті алған 334 отбасы 24 миллион теңгені бюджетке кері қайтарды. Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетова айтып берді.

«Үйім жоқ, 6 балам бар, мемлекеттен көмек керек деп бір әйел арыз жазған болатын. Көрсеткен мекенжайына барғанда, дерек расталды. Сондықтан оған атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Кейін депутаттар өткізген қоғамдық қабылдауда ол әйел байқаусызда 11 мөлтек ауданындағы шынайы тұрғылықты мекенжайын көрсетіп қойған. Оның ауласында 2 камаз, 1 жеңіл көлігі, 2 қабатты үй, 1 дүкен тұр екен», - деді бөлім басшысы Мақпал Тұрмағамбетова.

Тағы бір ақтөбелік екі жерден атаулы әлеуметтік көмекті алып отырған. Ол Алға аудандық және Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту бөліміне құжаттар тапсырған. Бұл заңсыздық анықталып, отбасы 468 мың теңгені кері қайтарды.

«Бір тоқсан бойы 70-ке жуық кәсіпкер табыстарын жасырып, жәрдемақы алып отырды. Барлығы өз еріктерімен бюджет қаржысын кері тапсырды», - деді Мақпал Тұрмағамбетова.

Айта кетейік, 2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың талаптары өзгереді. Оның механизмдері келесідей:

1. Еңбекке қабілетті отбасы мүшесі міндетті түрде Бағдарлама аясында белсенді шараларға қатысуы қажет. Бастарқан жағдайда отбасының барлық мүшесіне Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайды.

2. Ата-ананың бір мүшесі кіші баласы 3 жасқа толғанға дейін бала күтімімен отыра алады.

3. Шартсыз ақшалай көмек 3 айға, шартты ақшалай көмек 6 айға тағайындалатын болады.

4. Атаулы әлеуметтік көмек әр отбасы мүшесіне отбасы табысы мен кедейшілік шегінің айырмашылығымен есептеледі.

5. Атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалуы учаскелік комиссияның қорытындысымен анықталады.